Slider

Негізгі бет

Келденбай Өлмесеков
 (1953 -2011)

Әнші композитор Келденбай Өлмесеков  Шығыс Қазақстан облысы, Құйған селосы, Күршім ауданында дүниге келген. Бала кезінен әнге әуес, өнерге құмар Келденбай жұмыс істеген жерлерінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, көзге түседі. Талантты жас білім іздеп Алматыға аттанады.
Жолы болып Республикалық эстрада студиясының әншілер бөліміне оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітіріп шығады.
Қазақ өнерінің қос бәйтерегі, халық әртістері Жүсіпбек Елебеков пен Бекен Жылысбаевтан дәріс алып, олардың баулуынан өтеді.
Еңбек жолын Өскемен филармониясынан бастап, 1978 жылы Семейдің Әміре Қашаубаев атындағы филармониясына қызметке келді.
Бүгінде репертуарында 300-ге тарта халық әндері, Абай, Ақылбай, Ақан, Біржан, Ағашаяқ, Үкілі Ыбырай, Мұхаметжан, Майбасар, Уәйіс, Міржақып, Жаяу Мұсаның және бүгінгі композитордан Т.Базарбаевтың, Ш.Қалдаяқовтың Т.Рахимовтың т.б. әндері бар.
Бұлардың арасында Шәкәрім, Шәкір әндері бір төбе.
Шәкәрім ақталмаған сонау бір жылдарыдың өзінде, келешекке сенім артып, ағалық ақыл-кеңесін беріп, ұлы тұлғаның ән-мұрасымен табысуына себеп болған Төкен Смайылұлы Ибрагимов.
Сөйтіп 1988 жылдан бастап, өнер жолының алтын өзегін Шәкәрім әлеміне бұрып, тыныс артты.
Шәкәрім әндері мен күйлері өзіндік өлшемімен, сезім тереңдігімен, нақыш-әуенімен ерекшеленеді. Өзегіне бойламай, жадағай орындауға келмейтін асыл дүниелер. Тума талант әнші осыны жүрегімен түсіне білді.
Сол кезден бастап, мұражай қорындағы Ахаттың, Шәкірдің, Ниязбектің, Қабыштың орындауындағы сақталған Шәкәрімнің ән қазынасы Келденбайға аманат етілді.
Келденбай осы жолда Шәкір Әбеновтей ғасыр куәсі болған Әулие ақынмен табыстырған тағдырына риза. Шәкәрім әндерін алғаш Шәкірден естіді. Оның үстіне Ахат Құдайбердиев, Ниязбек Алдажаров, Қабыш Керімқұловтай Шәкәрімнің ән мұрасы мұрагерлерінің алдын көріп, сол асылдардың өнер мектебінде дәріс алу бақытына ие болды.
Қазір Келденбай Шәкәрімнің жиырмадан астам ән-күйлерін орындайды. Тек орындаушы ғана емес, терең білімді Шәкәрімтанушы, әрбір әннің шығу тарихын, туу себебін тыңдаушыға жете түсіндіре алатын тамаша насихатшы. «Шәкәрімнің музыкалық мұрасы» және «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты лекция-концерттерімен кең байтақ елімізді еркін аралады.
Келденбай — бүкіл республикада Шәкәрім әндерінің бірден бір орындаушысы.

Жылына 200-ге дейін концерттер беруге жетті, бүкіл Қазақстанды түгелдей  аралап шықты десе де болады, мектептерге, жоғары оқу орындары мен қарапайым көрермендерге барып қажы атамыздың әндерін 20 жыл бойы тынбастан насихаттап келді. Тек Қазақстанға ғана емес, Моңғол, Қытай, Ресей асырып, тарыдай шашыраған қандастарына таратты.
Әнші Келденбай Өлмесековтің орындауында «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек ….» дискісі 2007 жылы жарыққа шықты.
Келденбай Өлмесеков Республикалық Әміре Қашаубаев атындағы халық әндерін орындаушылар конкурсының лауреаты, (1980 ж)
Алматыда өткен музыкалық–зерттеушілер конкурсының дипломанты (1990 ж)
Алматыда Шәкәрімнің 140 жылдығына арналған К.Өлмесековтың жеке шығармашылық кеші өтті. (1998 ж)
Қазақстанның өнеріне сіңірген еңбегі үшін, 2001 ж. Қазақстан Республикасы Президнтінің граматасымен, «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды.
2011 жылы 29 шілдеде Алматы қаласына барған іс-сапарында кенеттен қайтыс болды. Семей қаласына жерленген.

Тұлғалар. // Шәкәрім: ғылыми –танымдық журнал.- 2012. — №1. – Б.95